Ақтөбеде ер адам жүргізушілерді алдаудың ерекше тәсілін ойлап тапты: жаяу жүргіншілер өткелінде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен адамды кейіптеп, кейін «алған жарақаты» үшін ақша талап етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам Жиенбаев пен Ташкент көшелерінің қиылысында осы көріністі ойнаған. Ол өзін көлік қағып кеткендей етіп көрсетіп, кейін жүргізушілерге жүгініп, оларды «емделуге» ақша төлеуге көндірген.

Тергеу деректері бойынша, ер адам осылайша екі жүргізушіні алдап үлгерген. Біреуі оған мобильді қосымша арқылы 250 мың теңге аударса, екіншісі 200 мың теңге берген. Жалпы шығын 450 мың теңгені құрады.

Кейін жүргізушілердің бірі полицияға жүгінуді шешті. Тексеру барысында ақпарат расталды. Ер адам күдікті деп танылды.

«Іс бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп түсіндірді департаментте.

Полицейлер қазақстандықтарға еске салды: егер болжамды ЖКО-дан кейін жаяу жүргінші «алған жарақаты» үшін ақша талап етсе, мәселені өз бетінше шешуге болмайды.

Мұндай жағдайда полицияны шақырып, оқиғаның мән-жайын ресми түрде тіркеу қажет.

Бұған дейін «Курсив» Ақмола облысының тұрғыны жалған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қоңырауынан кейін курьерге 10 млн теңгеден астам ақша бергенін жазған болатын.