Қазақстандықтардың жеке деректері мен зейнетақы жинақтарына қол жеткізу үшін қылмыскерлер үнемі жаңа сылтау ойлап табады. Ең көп тараған қылмыстық схемалар туралы Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Қордың мәліметінше, алаяқтардың нысанасына зейнетақы шотының иелері де ілігуі мүмкін. Көбінесе алаяқтар өздерін БЖЗҚ қызметкері деп таныстырып, телефон немесе мессенджер арқылы хабарласады. Олар зейнетақы жарнасы түспегенін, тиесілі төлемдерді немесе жинақтарды қайта есептеуді айтады, кейде Қор бөлімшесіне электрондық кезекке жазылуды ұсынады. Осындай сылтаулармен қылмыскерлер азаматтардан жеке деректерін немесе SMS-кодтарын алдап алуға тырысады.

Тағы бір схема компания қызметкерлері мен бухгалтерлеріне қатысты: оларға зейнетақы шоттары бұғатталғаны туралы ақпарат келеді. Содан кейін әңгімелесушіні жалған сот орындаушыларына ауыстырады, олар «шектеулерді алу үшін» айыппұл деген сылтаумен ақша аударуды талап етеді. Шын мәнінде ешқандай айыппұл да, санкция да жоқ.

Алаяқтар зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыруды да жиі ұсынады. «Делдалдар» жинақтың бір бөлігін тұрғын үй немесе емделу үшін шығарып беруге не оны белгілі бір сыйақы үшін инвестициялық портфель басқаруына аударуға көмектесуге уәде етіп, алдын ала төлем немесе банк деректемелерін сұрайды. Есте сақтау керек: кез келген қазақстандық ақшаны инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) өз бетінше аудара алады — бұл бірнеше шертумен және тегін жасалады. Жинақты біржолғы төлемдерге алу да осылай жүзеге асады: қызмет тегін, бірақ жеке шотта айтарлықтай жинағы барларға ғана қолжетімді. Сондықтан шектен тыс БЖЗҚ ақшасын «шығарып беремін» деп уәде еткен адам — алаяқ.

Алаяқтар жасанды интеллектіні жиі пайдаланады: қазақстандықтардың деректерін ұрлайтын жалған фишингтік сайттар жасайды, сондай-ақ БЖЗҚ қызметкерлерінің келбеті мен дауысын имитациялайтын жалған бейнежазбалар мен аудиоматериалдар жариялайды.

Қор еске салады: оның қызметкерлері телефон арқылы ешқашан жеке деректерді, құпиясөздер мен SMS-кодтарын сұрамайды, сондай-ақ ақша аударуды талап етпейді. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін ақпаратты тек БЖЗҚ ресми сайты немесе Қордың колл-орталығы арқылы тексеру керек; бөгде адамдарға жеке деректер мен SMS-кодтарын айтпау; төлем рәсімдеу немесе шектеулерді алу сылтауымен бейтаныс адамдарға ақша аудармау; күдікті талаптар болса әңгімені тоқтатып, полицияға жүгіну қажет.

Сонымен қатар Қор оның қызметкерлері зейнетақы жинақтарын аударуды, оларды инвестициялауды немесе акциялар мен басқа да қаржы құралдарын сатып алуды ұсынатын жарнамалық роликтерге қатыспайтынын атап өтеді. Бұған дейін алаяқтардың өздерін Қор қызметкері деп таныстырып, «зейнетақы жинақтарын заңсыз аударудың жолын кесу» сылтауымен азаматтарды SMS-хабарламадағы кодты айтқызуға көндіретіні де хабарланған болатын.