Алматыда Алатау ауданындағы балалар алаңында болған балалар арасындағы жанжалдың мән-жайы тергеліп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Bear1_69856 аккаунтында ұлын балалар алаңында ұрды деп мәлімдеген әйелдің атынан жазба жарияланды. Оның айтуынша, оқиға Алматының Алатау ауданында болған.
«10 қарашада екі бала менің 9 жасар ұлымды балалар алаңында ұрды. Біреуі ұстап тұрды, екіншісі басынан тепті. Ұлым ерні қанға боялып үйге жүгіріп келді. Баламды қорғау үшін сыртқа шыққанымда, оны тағы да ұрып жатқанын көрдім. Сол сәтте мен тек болып жатқанды тоқтатып, ұлымды қорғауды ойладым. Бірақ ең қорқыныштысы осыдан кейін басталды. Жасөспірімдердің ата-аналары полицияға арыз беріп, менің баламды қорғап жатқан сәтім ғана түсірілген бейнежазбаны қоса тіркеген. Баламды ұрған сәт бейнежазбаға түспеген. 11 қарашада балаларыммен бірге Алатау аудандық полиция басқармасында шамамен 6 сағат болдық. Полиция қызметкерлерінің тарапынан дөрекілікке, психологиялық қысымға және қорқытуға тап болдым. Ұлымнан бөгде адамдардың көзінше бірнеше рет сұрақ алды. Маған өз ұстанымымды қалыпты түрде жеткізуге мүмкіндік берілмеді», — деді әйел.
Алайда жазба авторы екінші тараптың айыптауларының егжей-тегжейін айтпаған. Ол 9 жасар баланы ұру тергеудің басты нысанына айналмағанына наразылық білдіріп, тек ұлын қорғағанын айтады.
«Мен қарсы арыз бердім және барлық жоғары тұрған органдарға шағымдануға ниеттімін», — деп қосты ол.
Жазбаға Алматы қалалық полиция департаментінде пікір білдірді. Онда кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
«Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шара қолданылады», — деді полицияда.


