Ерлер арасындағы жеке сында әлемдік рейтингте 22-орында тұрған, Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Алматыға келген әсерімен бөлісу үшін баспасөз конференциясын өткізді. Ол мұнда хард кортындағы ATP 250 турниріне алғаш рет қатыспақ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Спортшы алғашқы матчты асыға күтіп жүргенін, кортты және жергілікті жанкүйерлердің жігерін сезінгісі келетінін айтты. «Бұл жерде ATP турнирі өтіп жатыр, оны кез келген жағдайда жеңуге тырысасың. Ал өзіңді осынша жақсы көріп, күтіп тұрған жұртқа келгенде, белгілі бір дәрежеде қарыздарсың. Адамдар — біз теннисті солар үшін ойнаймыз. Балалар, федерация, жанкүйерлер үшін қажеттінің бәрін жасаймын. Сондықтан да ертерек келдім. Түні бойы ұшып, міне, осындамын. Бұл жерде сирек болатынымды, адамдарға тек медиалық қана емес, ресми теннис матчын да сыйлай алмайтынымды түсінемін — құдай қаласа, бірнеше матч. Әрине, алғашқы күндері мүмкіндігінше көп іс-шара өткізуге тырысамын: шеберлік сабақтары, балалар күндері, автограф-сессиялар, баспасөз конференциялары. Ал турнирге бірнеше күн қалғанда осының бәрін тоқтатып, матчқа дайындаламын», — деді Бублик.

Теннисшінің айтуынша, Қазақстан туымен өнер көрсеткен жылдары оның елмен берік байланысы қалыптасқан. «Бір кездері мен қолдауға және өзімді ойлайтын жанашыр адамдарға мұқтаж жас жігіт едім. Қазақстан маған соны берді. Алғашында мұнда қонақ, шетелдік ретінде келдім. Бірақ кейін адамдармен, елмен байланысымды дамыттым. Мұнда жиі келмесем де, әрдайым мақтанышпен келемін. Жанкүйерлермен, аудиториямен қарым-қатынас жасауға тырысамын. Қазақстанды шын жүректен екінші үйім деп санаймын. Белгілі бір дәрежеде шетелдік болып қалсам да, бұл елмен терең эмоционалдық байланысым бар. Оны өмір бойы өзіммен бірге алып жүретініме сенімдімін. Қазақстан мен үшін әрдайым ерекше орын болады», — деп атап өтті Бублик.

Almaty Open турнирінде спортшы үшінші нөмірмен себілген. Ол екінші айналымнан бастап, отандасы Тимофей Скатов пен венгр Фабиан Марожан арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.