Лейвер кубогында тұңғыш рет ойнаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик бір кеште екі рет жеңіліс тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әлем құрамасы сапында өнер көрсеткен қазақстандық теннисші алдымен испаниялық Рафаэль Ходарға – 2:6, 3:6 есебімен жол берді. Кейін америкалық Тейлор Фритцпен жұптасып, Карлос Алькарас (Испания)/Якуб Меншик (Чехия) тандеміне – 4:6, 4:6 есебімен ұтылды.

Еуропа мен әлемнің қалған бөлігі арасындағы көрсетілім матчының бірінші күнінен кейін Ескі дүние теннисшілері – 3:1 есебімен алда тұр.

Атақты австралиялық теннисші Род Лейвердің (қазір 88 жаста) құрметіне аталған Лейвер кубогы тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Оған алты еуропалық теннисші және әлемнің қалған бөлігін білдіретін сонша спортшы қатысады. Үшеуі ATP рейтингі бойынша автоматты түрде іріктелсе, тағы үшеуін капитандар шақырады.

Үш күн ішінде 12 матч (9 жеке және 3 жұптық) ойналады. Бірінші күндегі әр ойындағы жеңіс үшін команда 1 ұпай алады. Екінші күндегі матчтардағы әр жеңіс 2 ұпаймен бағаланады. Үшінші күні жеңістің құны үш ұпайға дейін көтеріледі. 13 ұпайды бірінші жинаған команда жеңіске жетеді.

Барлық матч үш сетке созылады, ал үшінші сет 10 ұпайға дейінгі тай-брейк форматында ойналады.

«Еуропаның» еншісінде әзірге бес жеңіс бар, «әлем» үш рет жеңіске жеткен.