Алматының Алмалы ауданында полиция қызметкерлері екі ер адамды ұстады. Олардан белгісіз зат салынған орамалар, электрондық таразы және шамамен 240 грамм ұнтақ тәркіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлағандай, алдымен Алмалы ауданында бір ер адам ұсталған. Оның пәтерінен шамамен 240 грамм ұнтақ тәркіленген.

«Сол жерден тағы 50 дайындалған орама, электрондық таразы, түрлі-түсті изолента мен қолғап табылды. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл жинақ тыйым салынған затты қаптауға қолданылуы мүмкін», — делінген хабарламада.

Бірнеше күннен кейін сол ауданда полицейлер тағы бір күдіктіні ұстады.

«Оның қасынан ақ түсті зат салынған 48 орама табылды. Тәркіленген зат сараптамаға жіберілді. Екі дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу заттардың шығу тегін және болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр», — деп қосты полицияда.

Бұған дейін Алматыда тінту кезінде қалтасынан 53 күдікті орама табылған ер адам ұсталғаны хабарланған. Қылмыстық іс қозғалды.