Алматының Әуезов ауданында Алтын Бесік шағын ауданындағы қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары аяқталды. 1 гектар аумақ «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жаңартылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Трудовая көшесіндегі алаңда үлкен және кіші футбол алаңдары, баскетбол алаңы, воркаут аймағы және заманауи балалар ойын кешені жабдықталды. Сондай-ақ серуендеу жолдары, жаңа орындықтар мен көше жарығы орнатылды.
Көгалдандыру аясында 30 ағаш пен 300 бұта отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аумақ бейнебақылау камераларымен жабдықталды.
Жаңартылған кеңістік спортпен шұғылдануға да, отбасылық демалысқа да арналған: мұнда балалар, жастар және ересек тұрғындар уақыт өткізе алады.
2026 жылы Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» аясында аула аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша 29 жоба жүзеге асырылады.
Бұған дейін «Курсив» Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының жанындағы аумақты абаттандыру басталғанын жазған болатын. Онда қазақстандық кино тарихына арналған тақырыптық қоғамдық кеңістік, заманауи демалыс аймақтары мен отандық кинематографияға қатысты элементтер жасау жоспарлануда.


