Алматыда «Asar Baspana» қаржы пирамидасы бойынша сот үкімі шықты: 17 айыпталушы сот алдында жауап берді. Тергеу деректеріне сәйкес, схема ұйымдастырушылары 90 мыңға жуық азаматтан шамамен 25 млрд теңге тартып, ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тергеу анықтағандай, Н. М. Туганбаев бастаған схема қатысушылары салымшыларды компания құрылыс материалдарын шығарады, сондай-ақ тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты бар деп сендірген. Шын мәнінде өнімді сыртқы жеткізушілерден сатып алып, оған «Asar Baspana» логотипін басқан.

Азаматтардың пирамидаға сенімі төмендей бастағанда, ұйымдастырушылар Қаржылық мониторинг агенттігінің деректерінше, автосалондар ашылып, дилерлермен ынтымақтастық туралы жалған ақпарат таратқан. Көліктерді салымшылардың қаражатына сатып алып, туыстарына рәсімдеген.

Туганбаевқа сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, тағы үш ұйымдастырушыға — жеті жылдан. Он үш өңірлік басшы бес жылдан бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде алды.

Жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге тұтқындалған активтер зардап шеккендердің шығынын өтеуге жұмсалады. Қалған мүлік мемлекет кірісіне айналдырылады.

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, Бас прокуратураның деректері бойынша, Қазақстанда 2023–2025 жылдары қаржы пирамидаларынан келген шығын 36 млрд теңгені құраған. Ведомство «Asar Baspana» өз бағдарламаларын қаржыландыру үшін жаңа қатысушыларды тартып, үлескерлердің қаражатын мақсатсыз пайдаланғанын, оның ішінде қолма-қол ақшаға айналдырып, шетелге шығарғанын атап өткен.