Алматыда автобус жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзып, басқа жүргізушіге әдепсіз ым жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Threads әлеуметтік желісіндегі Almaty.official аккаунтында алматылық тұрғынның автобус жүргізушісінің әдепсіз мінез-құлқына шағымданған видео жарияланды. Автордың айтуынша, жүргізуші оны қиып өтіп, ескерту жасағанда кешірім сұраудың орнына ортаңғы саусағын көрсеткен.
Жарияланымда: "Алматылық автобус жүргізушілерінің жолда өзін қалай ұстайтынының айқын мысалын көрсетті. Автордың айтуынша, жүргізуші оны қиып өтіп, ескертуден кейін кешірім сұрамай, әдепсіз ым жасаған. Пост авторы жағдайға әзілмен қарағанымен, жүргізу мәдениетін ешкім жоймағанын атап өтті", - делінген.
Алматы полиция департаменті жарияланымға түсініктеме берді. Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында маршруттық автобус жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны көрсетілген видео анықталды. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің жеке басы анықталды. 1970 жылы туған жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды. Сондай-ақ онымен болашақта мұндай бұзушылықтарға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.


