Енді алматылықтар қалалық кітапханалардың кітаптарын әйгілі «барахолканың» басында орналасқан Adem сауда орталығынан тікелей ала алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа кітап беру пунктінде 2 мыңнан астам кітап бар. Болашақта қаланың басқа аудандарындағы сауда орталықтарында да осындай сөрелер пайда болады. Бұл қағаз кітап оқуға оралғысы келетіндердің барынша көбін қамтуға көмектеседі.
«Күнделікті өмірде кітапханаға арнайы барып, кітап алуға әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Енді жұмыс орнынан алыстамай-ақ, бос уақытта осында келуге болады. Бұл — осында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен қызметкерлерге ғана емес, сауда орталығына келушілерге де жақсы мүмкіндік деп ойлаймын», — деді кәсіпкер Залина.
Жаңа кітап беру пункті сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Онда қазақ және орыс тілдеріндегі басылымдар ұсынылған.
Еске салайық, кітапханалардан тыс жерлерде кітаптарды тегін алуға Алматы метросының станцияларында және кейбір сауда орталықтарында да болады, ондағы сөрелер автономды. Ал «барахолкада» кітаптарды адам береді.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстандағы ең әдемі кітапханалардың бірі деп аталған Қосшы қаласындағы кітапханаға тәнті болғаны хабарланған еді.


