Алматыда №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 34 жастағы әйелді өмірге қайтарды. Науқасты мультидисциплинарлық мамандар тобының үйлесімді әрекетінің арқасында өте ауыр жағдайдан алып шығу мүмкін болды. Оны оныншы күні оңалту шараларымен амбулаториялық емге шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел ауыр аралас жарақатпен ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген. Дәрігерлер ми-бас сүйек жарақатын, кеуде қуысының ауыр жарақатын, қабырғалардың көптеген сынуын, пневмоторакс пен гемотораксты, сондай-ақ жамбас сүйектерінің, ортан жіліктердің және тоқпан жіліктің сынуын анықтады. Науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланды: кома және өлім қаупі жоғары травматикалық шок. Жедел жәрдем көлігінде-ақ бригада интубация жасап, шокқа қарсы терапияны бастады. Стационарға түскеннен кейін бірнеше минут ішінде пациентке қабылдау бөлімінде барлық қажетті шұғыл көмек көрсетілді.
Алматы №7 қалалық клиникалық ауруханасының директоры Нұрдос Қадырбековтің айтуынша, емдеуге бірнеше бағыттағы мамандар қатысты. «Емдеуге анестезиолог-реаниматологтар, травматологтар, нейрохирургтер, хирургтер, терапевтер, кардиологтар, психологтар мен психиатрлар қатысты. Пациентке барлық медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында көрсетілді», — деді Нұрдос Қадырбеков.
№7 қалалық клиникалық ауруханасының политравма бөлімшесінің меңгерушісі Рамазан Аскеров әйелге бірнеше операция жасалғанын атап өтті: аяқ-қолдарына, ал екі күннен кейін жамбас сүйектеріне. «Барлық кезеңдерде тромбоэмболия және майлы эмболия сияқты асқыну қаупі өте жоғары болды. Дегенмен, пәнаралық тәсілдің, командалық жұмыстың және дұрыс емдеу тактикасының арқасында оң нәтижеге қол жеткізе алдық», — деді дәрігер. Жетінші күні науқас аяғынан тұрғызылды, ал оныншы күні қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.


