Алматыда кәріз суын заңсыз төгуге байланысты туындаған жол жанжалы жүк көлігін талқандауға ұласып, екі тарап та әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға қаланың Наурызбай ауданында болған. Екі ер адам ассенизаторлық көліктердің ішіндегісін кәріз жүйесіне төккені жанжалға себеп болды.

Куәгер бұзушылықты тоқтатып, полиция шақыру үшін КамАЗ-ды тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші талапты елемей, көлігін жүргізе берген.

Содан кейін ер адам жүк көлігінің шыны тазалағышын жұлып алып, онымен бүйір және алдыңғы әйнектерін сындырған. Өз әрекетін ол көлікті мәжбүрлеп тоқтату әрекеті деп түсіндірді. Соңында жанжалға қатысқан екі тарап та әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп атап өтті ведомствода.

Жүк көлігін бүлдірген ер адамға мүлікті қасақана бүлдіргені және ұсақ бұзақылығы үшін 10 тәулік қамау жазасы тағайындалды. Полиция дерегінше, КамАЗ жүргізушісі де ұсақ бұзақылығы үшін 10 тәулікке қамалды. Сонымен қатар ол сақтандырусыз және тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынды.

Жүк көлігі арнайы айыппұл тұрағына қойылды.