Қазақстан астанасында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің көзқарасын жасыл екпелер, қоршаулар және тұраққа қойылған көліктер жауып тұрған 80 жаяу жүргіншілер өткелі анықталды. Астана прокуратурасының тексеруі қорытындысы бойынша қаладағы 9 мектептің маңында көлік жылдамдығы сағатына 20 км-ге шектелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қадағалау органының мәліметінше, ведомство «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында жол қозғалысы қауіпсіздігіне, әсіресе балалар мен жаяу жүргіншілерді қорғауға ерекше көңіл бөледі. Заңдылық жағдайын талдау қаланың жекелеген учаскелерінде апаттылық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Прокуратура дерегінше, 10 ай ішінде астанада 2 021 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оларда 2 343 адам жарақат алып, 23 адам қаза тапты.
«Жол қозғалысын ұйымдастырудағы кемшіліктер, оның ішінде 80 жаяу жүргіншілер өткелінің тиісті көріну аймағынсыз орналасуы анықталды. Мұндай өткелдерде «көріну үшбұрышы» деп аталатын талап сақталмаған — бұл жүргізуші жаяу жүргіншіні алдын ала көретін, ал жаяу жүргінші көлікті көретін бос аймақ. Көрінуді жасыл екпелер, қоршаулар, тұраққа қойылған көліктер жауып тұр. Бұл әсіресе балалар үшін қауіпті, өйткені бойының аласалығына байланысты оларды кез келген кедергі оңай жасырады. Талдау қорытындысы бойынша прокуратура заңдылық бұзушылықтарды жою туралы ұсыным енгізді», — деп хабарлады қадағалау органы.
Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі жұмыс тобының нақты мерзімдері, жауапты органдары және әр тармақ бойынша күтілетін нәтижесі айқындалған жұмыс жоспары әзірленді.
«Жоспарда ең апатты қауіпті учаскелерді анықтау және зерттеу, әр жол-көлік оқиғасын оқиға орнына барып міндетті түрде талдау, мектептер мен балабақшалар маңында қауіпсіз аймақтар құру, сондай-ақ қысқы кезеңдегі шаралар қарастырылған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 14 учаскеде кемшіліктер жойылып, жаяу жүргіншілердің жүргізушілерге көрінуі қамтамасыз етілді. 9 мектептің маңында жылдамдық шектеуі сағатына 20 км-ге дейін төмендетілді», — деп атап өтті ведомствода.
Прокуратура сенімінше, мұндай жылдамдықта бала кенеттен жүріс бөлігіне шығып кетсе, жүргізуші тоқтап үлгереді.


