Алматыда ұсталған көліктерді эвакуациялау мен сақтауға бірыңғай тариф белгілеу ұсынылды. Тиісті шешім жобасы қалалық мәслихат депутаттарының қарауына енгізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген жағдайларда ұсталып, коммуналдық арнайы тұрақтарға жеткізілген көлік құралдарына қатысты.
«Бұл барлық эвакуация жағдайларына қатысты емес екенін түсіну маңызды. Ұсынылып отырған тәртіп тек көлік құралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілгенде ғана қолданылады», — деді Ержан Диханбаев.
Ұқсас тәсіл Алматының жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларында бекітілген, онда эвакуация деп ӘҚБтК бойынша ұсталған көлік құралын арнайы алаңға немесе тұраққа мәжбүрлеп жылжыту танылады.
«Жобада көлік құралының санатына қарамастан эвакуацияның бірыңғай құнын — 3 АЕК белгілеу ұсынылады. Мұндай тәсіл есептеу тәртібін бірізді және автокөлік иелеріне түсінікті етеді. Сонымен қатар көлікті уақытша сақтау үшін автокөлік иесіне қосымша шығындардан жалтаруға немесе оларды азайтуға мүмкіндік беретін жеке тәртіп көзделген», — делінген хабарламада.
Бұған дейін, 30 шілдеде Алматы қаласының мәслихаты жол қозғалысы қағидаларында реттелмеген бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша ұсталған көлік құралдарын жеткізу және сақтау тәртібін айқындайтын жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларын бекітті.
Егер иесі көлігін эвакуацияланған күні сағат 18:00-ге дейін арнайы тұрақтан алып кетсе, сақтау үшін төлем есептелмейді. Осылайша, көлік құралын уақтылы алған жағдайда автокөлік иесі тек эвакуация үшін төлейді.
«Егер көлік сағат 18:00-ден кейін арнайы тұрақта қалса, сақтау құны көлік құралының санатына байланысты есептеледі. Бұл ретте жобада алғашқы тәулік үшін кейінгі сақтау тәуліктерімен салыстырғанда төмендетілген мөлшерлеме қарастырылған. Мәселен, жеңіл көліктер үшін алғашқы тәулікке 2,5 АЕК, ал әрбір келесі тәулікке 5 АЕК мөлшерінде төлем белгілеу ұсынылады. Басқа санаттағы көлік құралдары үшін де төлем мөлшері олардың түрі мен сипаттамаларына қарай сараланған», — деп қосты әкімдікте.
Жоба заңнамада көзделген қарау рәсімдерінен өтіп, қажетті оң қорытындыларды алғаны хабарланады.
Бұған дейін Алматының коммуналдық тұрақтары үшін көлік жүктемесін ескеретін жаңа тарифтеу жүйесі ұсынылғанын жазған болатынбыз.


