Алматыда 2026–2027 жылғы қысқы маусымда 19 ашық коньки алаңын ашу жоспарланып отыр. Алматы қаласының спорт басқармасы хабарлағандай, алаңдар қаланың сегіз ауданының барлығында пайда болады, оның 12-сі тегін болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Коньки алаңдары саябақтарда, ірі спорт ареналарының, сауда орталықтарының маңында және тұрғын шағын аудандарда орналасады. Олардың жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады.
Биылғы маусымда 5 тегін коньки алаңы алғаш рет Flow Park, Алматы ипподромы, Шұғыла шағын ауданындағы №221 мектеп, Сәкен Сейфуллин атындағы саябақ және «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінің аумағында жабдықталады.
Коньки алаңдары қайда ашылады:
Алатау ауданы — «Алматы Арена»;
Алмалы ауданы — ҚБТУ аумағы;
Әуезов ауданы — Family Park;
Бостандық ауданы — Ганди көшесіндегі Тұңғыш Президент қорының саябағы, Flow Park, «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені, Esentai Mall, Villa Boutiques & Restaurants және MEGA Alma-Ata;
Жетісу ауданы — Алматы ипподромы және Көкжиек шағын ауданындағы Kokjiek Garden;
Медеу ауданы — «Терренкур» саябағы, «Халық Арена», 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақ, Dostyk Plaza, Haragun ат клубы және Орталық мәдениет және демалыс саябағы;
Наурызбай ауданы — Шұғыла шағын ауданындағы №221 мектеп;
Түрксіб ауданы — Сәкен Сейфуллин атындағы саябақ.
Мұз алаңдарын ашу желтоқсан айына жоспарланған, алайда нақты күн ауа райы жағдайына қарай белгіленеді.
Тегін коньки алаңдарының жұмыс кестесі: тегін алаңдар демалыс және мереке күндерін қоса, күн сайын сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Әр алаңда екі жарым сағаттық төрт жаппай сырғанау сеансы қарастырылған: 10:00–12:30; 13:30–16:00; 17:00–19:30; 20:30–23:00.
Сеанстар арасындағы үзілісте мұз келесі сырғанауға дайындалады. Тегін алаңдарға өз конькилеріңізбен келуге немесе оларды жеке төлемге жалға алуға болады. Жалдау құнын қызмет көрсетуші ұйымдар белгілейді.


