Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Бахитжанұлы Кескинбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің көлік-логистика саласын дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Ақорда сайтының дерегінше, ол бұл қызметті 2025 жылғы 23 желтоқсаннан бері атқарып келген.
Кескинбаевтың өмірбаянында 2009 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Математика» мамандығы бойынша бітіргені көрсетілген. 2011 жылы Мәскеудегі «Жоғары экономика мектебі» Ұлттық зерттеу университетінде экономика магистрі дәрежесін алды. 2025 жылы Назарбаев Университеті мен Duke University бірлескен «Executive MBA» бағдарламасы бойынша магистр дәрежесіне ие болды.
2011–2015 жылдары Мәскеудегі компаниялар тобында алгоритмдік сауданы әзірлеу тобының жетекшісі болды.
2015–2019 жылдары «Қазпошта» АҚ-да бас менеджер, стратегия және экономикалық талдау департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
2019–2020 жылдары «Қазпошта» АҚ экономика және кеңейтілген аналитика департаментінің директоры болды.
2020–2022 жылдары «Forte Bank» АҚ қаржылық талдау бағытының директоры қызметінде болды.
2022–2025 жылдары «Қазпошта» АҚ қаржы жөніндегі басқарушы директоры, басқарма мүшесі болды.


