Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінің күзетшісі кіреберіс шлагбаум алдында жүргізушіге агрессивтілік танытқаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бүгін тұрғын үй кешенінің аумағына көлікті кіргізбей, шлагбаум алдында жанжал тудырған күзет қызметкері қамауға алынды.

Оқиға қаланың Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Күзетшінің агрессивті әрекеті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады.

Полиция дерегінше, көлік жүргізушісі тұрғын үй кешенінің аумағына кіру үшін келіп тоқтаған, алайда күзетші оны өткізуден бас тартқан. Екі ер адамның арасында ауызша жанжал туындады. Күзет қызметкері өзін агрессивті ұстап, дауысын көтеріп, былапыт сөздер айтқан.

54 жастағы күзетшінің әрекетінен ұсақ бұзақылық белгілері байқалды. Сот шешімімен оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

«Мәртебе, лауазым немесе жұмыс орны қоғамдық тәртіпті бұзуға құқық бермейді. Құқыққа қайшы әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған», — деп еске салды полиция департаментінде.