Алматы облысындағы бір мектепте Мұғалімдер күніне орай берілген сыйлыққа байланысты ерекше дау туындады. Педагог пен ата-ана арасындағы хат алмасу Threads әлеуметтік желісінде жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жазба авторының айтуынша, оқиға Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылында болған. Сөз бірінші сынып мұғалімі туралы болып отыр.
«Бірінші сыныпта оқитын қызымның мұғалімі бізге сыйлықтарды: гүл шоғы мен массаж сертификатын қайтарып берді. Себебі: оған сыйлықтар ұнамады. Енді ата-аналар ақшаны қайта жинап, мұғалімімізге ақшалай сыйлық бермекші. Бар болғаны бір ай оқыдық», — деп жазды әйел.
Ол жазбасына хат алмасудың скриншотын тіркеген. Хабарламаларда педагог ата-аналардан енді сыйлық бермеуді сұрап, былай түсіндірген:
«Мен педагог-сарапшымын, педагог-магистрмін, бұл сыйлықтар менің деңгейіме лайық емес, мені дұрыс түсініңіз», — деп жазған педагог анаға.
Сондай-ақ мұғалім ата-аналардың оны жалпы чатта Мұғалімдер күнімен құттықтамағанына өкініш білдірген.
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерге гүл мен сыйлық беру ата-аналар үшін міндет болмауы керектігін еске салды.
«Мұғалімдерге гүл сыйлау — жақсы дәстүр. Алайда ол міндетке, жарысқа айналмауы немесе артық шығынға себеп болмауы тиіс. Бастысы — гүл шоғының мөлшері мен құны емес, баланың мұғалімге деген құрметі», — деп түсіндірді ведомство «Курсивке».
Білім беру ұйымдары, деп атап өтті ведомство, гүл немесе сыйлық сатып алуды бастамауы, оған ақша жинамауы немесе бұл міндетті ата-аналарға жүктемеуі керек.
Бұған дейін «Курсив» оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мектептерде мұғалімдерге гүл сыйлауға немесе қандай да бір сыйлық сатып алуға болмайтынын мәлімдегенін жазған. Көптен келе жатқан дәстүрге салынған тыйым әлеуметтік желілерде ата-аналардың наразылығын тудырды.
Кейінірек Оқу-ағарту министрлігі сыйлыққа салынған тыйымды жоққа шығарды.


