Алматының Медеу ауданында көшкін қаупі бар 48 учаске анықталды: оның 18-інде көшкінге қарсы жұмыстар аяқталған, тағы 30-ы әкімдіктің бақылауында, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин мәлімдеді. Оның айтуынша, әрбір проблемалық учаске үшін мемлекеттік органдармен және сарапшылармен бірлесіп қажетті инженерлік жұмыстардың тізбесі айқындалған.

«Аудан аумағында көшкін қаупі бар 48 учаске анықталды. Тікелей аудан әкімдігі 12 учаскеде жұмыс жүргізуде, оның төртеуі әлі де жұмыс үстінде. Бүгінгі таңда 18 учаскеде кешенді көшкінге қарсы іс-шаралар аяқталды. Тағы 30 учаске бақылауда қалып отыр, олар бойынша жұмыстар жалғасуда», — деді Оразалин.

Тағы сегіз учаскеде жұмыстар сараптамалық ұйымдардың қорытындыларына сәйкес меншік иелерімен жүргізілуде. Аумақтың жағдайына байланысты олар беткейлер мен тіреуіш құрылымдарды нығайтып, топырақты тұрақтандыру үшін басқа да жұмыстарды орындайды.

Әкім 2024 жылдан бастап Медеу ауданындағы әлеуетті қауіпті учаскелердің саны 87-ге жеткенін атап өтті.

Әкімдікте негізгі міндет — қауіпті жағдай туындағанға дейін қажетті жұмыстарды жүргізу және Алматының тау бөктеріндегі бөлігінде төтенше жағдайлар қаупін азайту екенін мәлімдеді.