Алматыда «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі метрополитеннің екінші желісінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150 млн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық мәслихат отырысында Алматы қаласының экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін «Қалқаман» станциясын пайдалануға беру жоспарланған. Оны іске қосу жұмыстарына 1,1 млрд теңге бөлініп отыр.
«Сонымен қатар биыл «Қалқаман» станциясынан «Барлық» станциясына дейінгі учаскенің құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 243,3 млн теңге қарастырылған, тағы 45 млрд теңге Инфрақұрылымды дамыту қорынан бөлінді. Метрополитен желісін одан әрі кеңейту үшін «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі екінші желінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150 млн теңге қарастырылған», — деді басқарма басшысы.
Ол метроны дамытумен қатар радиалды бағыттарды, ішкі көлік байланыстарын және шағын аудандардың жол желісін дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Мәселен, Рысқұлов даңғылының қала шекарасына дейінгі құрылысын аяқтауға 5 млрд теңге бағытталады. Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін ұзартуға 500 млн теңге, ал Райымбек даңғылын Шығыс айналма автомобиль жолына (ШААЖ) дейін ұзартуға 5 млрд теңге бөлінеді.
«Шағын аудандардың жол инфрақұрылымы да дамитын болады. Жыл соңына дейін Ақжар шағын ауданындағы жол құрылысын аяқтауға 2,7 млрд теңге, Теректі шағын ауданындағы жол жұмыстарына 650 млн теңге бағытталады. Қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша 12 млрд теңге субсидиялауға бөлінеді. Оның 10 млрд теңгесі автобус тасымалына, 2 млрд теңгесі метрополитен тасымалына қарастырылған», — деді спикер.


