Алматыда ағымдағы жылдың соңына дейін Саин көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (БАКАД) жалғайтын жаңа магистраль бойынша қозғалыс ашылады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

БАКАД-қа дейінгі жаңа магистраль Боралдай кентінен шығатын жерде салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, оның құрылысы қала көлігінің жүктемесін 20 пайызға азайтады. Жұмыстар биылғы тамызда басталған. Жолдың жалпы ұзындығы — шамамен 7 шақырым. Жоба әр бағытта үш жолақтан және сыртқы жарықтандыруды көздейді.

Қазір негізгі жұмыстар мегаполис аумағында шоғырланған. Белгіленген мерзімге үлгеру үшін құрылысшылар тәулік бойы еңбек етіп жатыр.

«Қазір құрылыс жұмыстары Алматы шегіндегі 800 метрлік жол учаскесінде шоғырланған, мұнда жол өткелі де салынып жатыр. Нысанда 250-ге жуық жұмысшы мен 70 бірлік арнайы техника жұмылдырылған», — деді «АлматыДорСтрой» ЖШС бөлім басшысы Ілесхан Әдеев.

Жаңа магистральдің негізгі нысандарының бірі — ұзындығы 232 метр жол өткелі болды. Оның аралық құрылымдарын монтаждау аяқталды. Қазір мамандар гидрооқшаулау және жол жабынын төсеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Қатар инженерлік коммуникацияларды қайта жабдықтау жүргізілуде.

Жобаны толық аяқтау 2027 жылы жоспарланған, алайда автокөлік жүргізушілері жаңа жолды биылғы желтоқсанда-ақ пайдалана алады.

«Мұнда дәл солтүстік-шығыс бөлігінің жүктемесі азаяды, өйткені БАКАД-қа шығатын автомобиль жолдарының көп бөлігі Жандосов немесе Қапшағай трассасынан келеді. Тек Саин көшесі ғана, менің ойымша, шамамен 15-20 пайызға жеңілдейді», — деп атап өтті Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлімінің басшысы Айдос Желдікбаев.

Барлығы мегаполис БАКАД-пен алты радиалды магистраль арқылы жалғанады деп жоспарлануда. Саин көшесінен бөлек, бұлар — Абай және Рысқұлов даңғылдары, Тлендиев және Ақын Сара көшелері, сондай-ақ Солтүстік шеңбер. Жаңа көлік дәліздері жүргізушілерге қала мен Алматы облысының елді мекендері арасында қысқарақ бағыт таңдауға мүмкіндік береді.

«Біз үшін Саин көшесінен БАКАД-қа тікелей шығатын жолдың ашылуы үлкен пайда әкеледі. Айналма жолға қысқарақ бағытпен жете аламыз. Қазір Алматыда басқа да жаңа жол учаскелері, оның ішінде Абай даңғылының жалғасы ашылып жатыр. Осында да жолға кететін уақытты қысқарту мүмкіндігі пайда болса, жақсы болар еді», — дейді мегаполис тұрғыны Қуатбай Нұратдинов.

Ал келесі жылы Алматыны БАКАД-пен жалғайтын барлық жолдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.