Алматы тұрғыны «Бауыржан Момышұлы» метро станциясындағы істемей тұрған эскалаторларға қоғам назарын аудартты. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары екінші айға созылып кеткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл мәселені Threads әлеуметтік желісіндегі vasilenko_elizabeth8 деген пайдаланушы көтерді. Қыз операциядан кейін баспалдақпен жүру қиынға түсетінін айтып, жағдайға жария түрде назар аудартуды жөн көргенін жеткізді.
«Эскалаторды жөндей алмай жатқанына екінші ай болды...», — делінген оның жазбасында.
Жарияланымға Алматы метрополитені жауап берді. Онда «Бауыржан Момышұлы» станциясының №1 вестибюлінде орналасқан №1 және №2 эскалаторлардың жұмысы басқару блоктарының ақауына байланысты уақытша тоқтатылғаны түсіндірілді.
«Бұл шара жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Қазір эскалаторлардың жұмысын қалпына келтіру үшін қажетті қосалқы бөлшектерді сатып алу және жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сатып алу 2027 жылдың басына жоспарланған», — деп атап өтті метрополитенде.


