Алматы облысында құқық қорғау органдары тыйым салынған діни-экстремистік «Хизб ут-Тахрир» ұйымының ұяшығын әшкереледі. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
NUR.KZ агенттігі облыстық дін істері басқармасына сілтеме жасап хабарлағандай, ақпарат ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған. Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында уәкілетті органдардың үйлестіруімен полиция қызметкерлері Қазақстан аумағында тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының қызметіне қатысы бар деп күдіктелген адамдарға қатысты шаралар кешенін өткізді. Ұяшыққа 25 жергілікті тұрғын тартылған.
Күдіктілердің тұрған жерлерінде санкцияланған тінту және жеке тінту барысында электрондық құрылғылар мен діни мазмұндағы материалдар табылып, тәркіленді. Тәркіленгендер қатарында: 11 смартфон, 93 кітап, 16 брошюра, 2 дәптер, сондай-ақ діни сипаттағы жазбалары бар блокнот.
Қазіргі таңда осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу және процестік әрекеттер жүргізілуде. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тәркіленген әдебиет пен электрондық материалдар зерделенуде, сондай-ақ адамдардың тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу дәрежесі белгіленуде. Өткізілген шаралардың нәтижесі бойынша күдіктілердің әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі.


