Биыл Алматы облысында жылыту маусымына дайындық тұрғындарға қымбатқа түсуде: көмірдің тоннасы былтырмен салыстырғанда шамамен 5 мың теңгеге қымбаттап, қазір 24–27 мың теңге тұрады. Өңір әкімдігі тұрғындардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Astana TV телеарнасының хабарлауынша, қатты отын бағасының өсуі отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Өңір тұрғындары көмір алуға шығын көбейгеніне наразы.

«Мен зейнеткермін. Үйімді қалай жылытуым керек? Газ қосуға мүмкіндігім жоқ, көмір алуға тура келеді. Бірақ оған да көп ақша кетеді», — деді өңір тұрғыны Күлжахан Байымбетова.

Сатушылар бағаның өсуін өз шығындарының артуымен түсіндіреді. Олардың айтуынша, жеткізушілер көмір құнын жыл сайын шамамен мың теңгеге көтереді. Салыстыру үшін: былтыр Алматы облысында көмірдің тоннасы орта есеппен 22,5 мың теңге шамасында болған. Бұл ретте түпкілікті баға қойманың орналасуы мен жеткізу шығынына байланысты: сату нүктесі теміржолдан неғұрлым алыс болса, тасымалдау шығыны да, отын құны да соғұрлым жоғары.

«Тарифтер өсіп жатыр, сондықтан біз де бағаны көтеруге мәжбүрміз. Негізгі қызу қыркүйектің соңында болды. Қазір көмір бар, бірақ сатып алушылар бұрынғыдай көп емес», — деп атап өтті көмір тұйығының қызметкері.

Өңір әкімдігінің дерегінше, Алматы облысына алдағы жылыту маусымына 666 мың тонна көмір қажет. Бүгінде 370 мың тоннадан астамы жеткізілді. Жеткізу жылыту маусымы бойы жалғасады деп уәде етілді.

«Егер тұрғындардан көмір тапшылығына, жеткізудің кешігуіне немесе бағаның негізсіз өсуіне қатысты шағымдар түссе, олар аудандық және қалалық әкімдіктермен, сондай-ақ қатты отын жеткізушілермен бірлесіп қаралады. Бағаны жасанды түрде көтеру немесе бәсекелестікті шектеу фактілері анықталса, тиісті материалдар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаментіне жіберіледі», — деп түсіндірді Алматы облысының әкімдігі.

Билік ахуалды бақылауда ұстап, қатты отын бағасын қадағалап отырғанын сендірді.