Алматы облысында жол-көлік оқиғасы болып, екі кәмелетке толмаған бала зардап шекті. Көлік жол жиегінде отырған балаларды қағып, жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін күдіктіні анықтап, ұстау мүмкін болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға Telegram-дағы Qumash арнасында жарияланған бейнежазбаға түскен. Арнаның мәліметінше, Абай ауылында Cobalt көлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған екі баланы қағып кеткен.

NUR.KZ тілшісіне Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, жарақат алған екі кәмелетке толмаған бала Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасына жеткізілген.

«Екі науқасқа да ота жасалып, отадан кейін анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде болды. Бүгінгі таңда бір науқас әрі қарай емделу үшін хирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Екіншісі реанимацияда ем қабылдауды жалғастыруда, оның жағдайы ауыр деп бағалануда», — деді дәрігерлер.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмағандарды қағу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті анықталған.

«Қазіргі таңда ЖКО жасаған соң оқиға орнынан қашып кеткен 65 жастағы жүргізуші ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді полицияда.

Қазіргі уақытта облыстық полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.

Назар аударыңыз! 18+! Бейнежазбада қатыгездік көріністері бар, оны кәмелетке толмағандарға, психикасы тұрақсыз адамдарға және жүкті әйелдерге қарауға ұсынылмайды!