Алматыда 14 тамызда өтетін Канье Уэстің концертіне 40 мыңнан астам көрермен жиналады деп күтілуде. Осыған байланысты мегаполистің полициясы күшейтілген режимге көшеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, стадионға ұйымдасқан кіру үшін үш жақтан 40 кіреберіс қарастырылған. Билеттерді тексеру сағат 16:00-де басталады. Кірер алдында тексеру жүргізіледі, аумаққа тек билеті немесе аккредитациясы бар көрермендер ғана өте алады.
«Біздің басты міндетіміз – концертке келген әрбір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өз кіру тобыңызды алдын ала анықтап, полиция қызметкерлерінің, күзет қызметінің және еріктілердің нұсқауларын орындауды сұраймыз», – деді Тимур Ногайбаев.
Концерт күні полиция стадион мен оған іргелес аумақты патрульдеуді күшейтеді. Іс-шарадан кейін көрермендерге қоғамдық көлік және қосымша шаттлдар қамтамасыз етіледі.
Еске салайық, бұған дейін полиция интернетте алаяқтардың концертке жоқ билеттерді сатып жатқанын хабарлаған болатын. Кейін құқық қорғау органдары Канье Уэсттің жанкүйерлеріне билет сатып алу кезінде алаяқтардың құрбаны болмау жөнінде ұсыныстар жасады. Алматы әкімдігі 14 тамызда концертке байланысты қандай көшелердің жабылатынын жариялады, сондай-ақ 32 автобустың бағыты өзгеретіні белгілі болды.


