Алматыда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы туралы қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іске сегіз адам тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«ҚазАқпарат» хабарлауынша, әлеуметтік желілерде сегіз адамнан тұратын топтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Олардың төртеуі — қазіргі қызметтегі орган қызметкерлері, тағы төртеуі әр жылдары жұмыстан шығарылған.
Агенттік дерегінше, ұсталғандар есірткі заттарын тұтынатын адамдардан ақша бопсалағаны үшін күдікке ілінген. Күдіктілер «закладчик» деп аталатындарды бақылап, оларға қылмыстық жауапкершілік қорқытуын айтып, ірі көлемде ақша беруге мәжбүрлеген.
Алматы қаласының прокуратурасы органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу басталғанын растады.
«Алматы қаласы бойынша ҰҚК тергеу бөлімі құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлаймыз. Сотқа дейінгі тергеуге қатысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды (ҚР ҚІЖК 201-бабы)», — деді прокуратурада.


