Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін 65 жастан асқан жүргізушілерді жиі тоқтататыны туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz.
Еске салайық, 25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына өзгерістер күшіне енеді. Түзетулерге сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер, сондай-ақ мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуге міндетті.
Салтанат Әзірбек егде жастағы жүргізушілерді медтексеруден өткенін тексеру үшін жиі тоқтататынын түсіндірді. «Бұл шектеу шарасы емес, бұл біздің азаматтарымызға, үлкен буынға деген қамқорлық. Жасы ұлғайған сайын реакцияның нашарлайтыны, көздің көруінің төмендейтіні белгілі. Сондықтан осы жаңа ережеге сәйкес екі жылда бір рет медициналық комиссиядан өту маңызды. Кәдімгі жоспарлы медициналық комиссиядан. Бұл үлкен буынның қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу», — деді полиция департаментінің өкілі.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, жолдағы тексерулер патрульдік экипаждар қызмет атқару барысында жұмыс тәртібімен жүргізіледі. 65 жастан асқан жүргізушілерді арнайы тоқтату болмайды. Сонымен қатар полиция 65 жастағы және одан үлкен азаматтардың медициналық тексеруден уақытылы өтуі қажет екенін атап өтті.


