Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне бірнеше күн қалғанда қала полициясы билет сатуға байланысты бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді белсенді бақылап, онда билеттерді жеңілдікпен сату туралы хабарландыруларды тауып жатқанын айтты. Оның айтуынша, мұндай адамдар анықталып, профилактикалық әңгіме жүргізу үшін полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Бұл жағдайларда алаяқтық әрекеттер анықталмаған, алайда билет сатып алып, қандай да бір себеппен іс-шараға бара алмаған азаматтар оларды арзанырақ бағамен қайта сатқан жағдайлар болған. Сондай-ақ билетсіз адамдарды өткізу қызметін ұсыну әрекеттерінің жолы кесіліп, тиісті жазбалар жойылған.

Ноғайбаев кейбір бұзушылардың жауапкершілікке тартылғанын қосымша айтты. «Әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тарту фактілері болды, айыппұл салынды. Сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін әкімшілік іс қозғалды, яғни адам рұқсат құжаттары жоқ және кәсіпкер болмай тұрып, билет сату қызметін ұсынады. Іс материалдарын сотқа жіберіп жатырмыз», — деп түсіндірді спикер.

Осыған байланысты Алматы полициясы Канье Уэст жанкүйерлеріне билет сатып алу кезінде алаяқтардың құрбаны болмау жөнінде ұсыныстар жасады. Еске салайық, 17 шілдеде Канье Уэсттің Алматыдағы концерті туралы ақпарат пайда болды. Алдымен бұл туралы оның менеджері Джозеф Карре хабарлады, кейін Алматы әкімдігі концерттің 14 тамызда сағат 21:00-де Орталық стадионда өтетінін растады. Бұған дейін полиция желіде алаяқтардың осы іс-шараға жоқ билеттерді сатып жатқаны туралы да хабарлаған болатын... деп хабарлайды infohub.kz.