Алматының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында археологтар сақ дәуірінің алтын әшекейін тапты. Болжам бойынша, бұл — бас киімге тағылған, құйма әдісімен жасалған аю мүсіншесі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жәдігерлер ерте темір дәуіріндегі сақ кезеңіне жататын қорғанды авариялық археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған. Алтын бұйымнан бөлек, зерттеушілер адам сүйектерін де тапты.

«Қорғанның диаметрі 25-26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Қорымды зерттеуге негізделген алдын ала даталау бойынша ескерткіш сақ кезеңіне жатады және біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырлармен мерзімделеді. Қорғанды ерте заманда-ақ тонаған. Тонаушылар қазған шұңқырдың тереңдігі — 3 метр», — делінген әкімдік хабарламасында.

Қазба жұмыстары кезінде археологтар адам сүйектерінің едәуір көп мөлшерін тапты. Болжам бойынша, қорғанда төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Жерленгендердің нақты саны әзірге анықталған жоқ.

Сүйек қалдықтарынан бөлек, сақ керамикасының сынықтары табылды. Жәдігерлердің көбі тонаудан кейін ретсіз шашылып қалған. Ерекше құнды дүние — бас киімді әшекейлеуге арналған, аю түріндегі шағын құйма алтын мүсінше деп болжанған бірегей алтын бұйым. Пластинадағы тесіктер әшекейдің бас киімге тігілуі мүмкін екенін көрсетеді.

Әкімдіктің айтуынша, мұндай бұйымдар сақ дәуірінің киіміне тән. Мысалы, «Алтын адамның» бас киімінен арқар түріндегі алтын ұштық табылған, ал 2014 жылы Көк-Қайнар қорымынан бас киімнің элементі болған барыс мүсіншесі табылған.

«Қарағайлы қорымын зерттеу жалғасуда. Жерлеу жағдайларын нақтылау және жерленгендердің нақты санын анықтау үшін қосымша талдаулар, оның ішінде антрополог мамандарды тарта отырып, зерттеу жүргізу жоспарлануда. Бір қорғанда адам сүйектерінің ерекше көп болуы қызығушылық тудырады, өйткені мұндай жерлеулер Қазақстан үшін сирек кездеседі. Әдетте мөлшері ұқсас қорғандар бір-екі адамды жерлеуге арналған», — деді «Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі» КМҚК аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісов.

Аю мүсіншесіне келсек, мамандар оның еліміз үшін бірегей екенін атап өтті. Мұндай табылым Еуразия кеңістігінде, Қара теңіз жағалауынан Алтайға дейін мәдени параллельдерді байқауға мүмкіндік береді, деді «Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова.

Археологиялық зерттеулердің толық кешені аяқталып, табылған материалдарға қажетті ғылыми өңдеу жүргізілгеннен кейін ең құнды жәдігерлерді Алматы мұражайының экспозициясына қосу және көпшілікке таныстыру жоспарлануда.