Алматының Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешенінің ауласында түнде пиротехника атып, жергілікті тұрғын әкімшілік қамауға алынды: сот оған жеті тәулік жаза тағайындады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

NUR.KZ-тің мегаполис полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, үй тұрғындары шуға шағымданған. Хабарлама түн ортасында түсіп, оқиға орнына патрульдік полиция келген.

«Пиротехника атқан ер адамды анықтап, ұстадық. Оған қатысты үш құқықбұзушылық құрамы бойынша, соның ішінде ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік материалдар толтырылды. Сот шешімімен ер адам жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — делінген полиция хабарламасында.

Полиция департаменті тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы мен уақтылы белгі бергені үшін алғыс айтты.

«Дәл осындай өтініштердің арқасында құқықбұзушылықтарды жедел тоқтатуға мүмкіндік туып отыр. Түн — тыныштық уақыты. Пиротехника бүкіл үйдің мазасын алмауы тиіс. Айналаңыздағыларды сыйлап, заңды сақтаңыздар», — деп қосты ДП-да.

Бұған дейін Астанада бірнеше азамат пиротехника атқаны үшін жауапкершілікке тартылғаны, оның ішінде екеуі қамауға алынғаны хабарланған болатын.