Almaty SuperSki жобасының жерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамынан шығарылмайды, әрі бұл аумақта жеке виллалар мен коттедждер салу қарастырылмаған. Бұл туралы Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оның айтуынша, қазіргі жоба он жыл бұрынғы бастамадан түбегейлі өзгеше. Ол кезде алматылықтардың наразылығын тудырып, ақыры жобадан бас тартылған болатын.

«10 жыл бұрын халықты үш нәрсе алаңдатты. Біріншіден, жер ұлттық парк құрамынан шығарылып, ЖШС балансына берілді. Екіншіден, жоба көптеген жеке вилла салуды көздеді. Үшіншіден, шатқалды қоршап, халықтың кіруіне тыйым салынады деген қатты алаңдаушылық болды», — деді Ержан Еркінбаев.

Бүгінде, спикер атап өткендей, халықты алаңдатқан үш себеп те жойылды. Жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрамында қалады және ешкімнің балансына берілмейді.

«Виллаларға қатысты барлық құжатта аумақта жеке коттедждер мен виллалар болмайтынын бекіттік. Ал тау шаңғысы курортын қоршауға ешкім ниеттеніп отырған жоқ», — деді Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры.

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, ұлттық паркпен ынтымақтастық бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырылады. Аумақты дамыту қажетті инфрақұрылымды, оның ішінде көлік және туристік нысандарды, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін салуды көздейді.

Сондай-ақ ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін туристік нысандар салу үшін шығару мүмкіндігі бүгінгі заңнамада қарастырылмағанын атап өтті.