Алматы әуежайынан австралиялық туристің таксиге 32 мың теңге төлегені белгілі болды. Әдетте бұл бағытқа 2 мың теңге жұмсалады. Енді күдікті жүргізуші сотқа тартылады, деп хабарлайды infohub.kz.
«31 арна» жазуынша, оқиға Threads әлеуметтік желісіндегі жазбадан кейін жария болды. Пайдаланушының айтуынша, таксист австралиялық туристен әуежайдан шыққан жол үшін 32 мың теңге талап еткен, ал шын мәнінде бағасы шамамен 2 мың теңге болған.
Жазба авторының сөзінше, жүргізуші жолаушының заттарын бермеймін деп қорқытқан. Соның салдарынан шетелдік 16 есе қымбат төлеуге мәжбүр болған.
Іс мұнымен бітпеді: полицейлер таксистің ізіне түсті.
«Осы дерек бойынша ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Юрисдикцияға сай, шешім қабылдау үшін іс материалдары сотқа жіберілді», — деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Егер сот жүргізушіні кінәлі деп таныса, оған 64 мыңнан 173 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Ал әуежай маңында клиент күтіп тұрған басқа жүргізушілер әріптесінің әрекетіне әрқалай қарайды.
«Мысалы, осында бір сағат тұрсаң. Тұрақ бізге сағатына бір жарым сағатқа 1500–2000 теңге. Бұл да бизнес. Сосын сол ақшаны қайтару керек, сөйтіп сәл қымбат шығады», — дейді жүргізуші.
Айтпақшы, Алматы әуежайы шетелдіктерге арнайы такси тұрағына баруды ұсынады. Онда ресми агрегаторлардан көлік шақыруға болады, кейбіреуінде тіпті қашықтықты ескеріп, тұрақты баға белгіленген.
Ал автосарапшылар елде такси саласында халықаралық ойыншылар жетіспейді деп санайды.
«Егер бізде 2–3 халықаралық агрегатор болса, адам түсінер еді, әлдебір жерде мынадай немесе мынадай шақыруға болады деген ақпарат ілінер еді. Өтінеміз, сіздің ұсынысыңыз. Егер бар болса, ол осында жұмыс істер еді. Біз Таиландқа барғанда қай агрегатор жұмыс істейтінін білеміз, ол халықаралық. Бірақ бізге неге келмейді? Себебін білмеймін. Мүмкін, кіргізбейді. Мүмкін, жағдай жасау керек», — деп атап өтті автосарапшы Алексей Алексеев.
Ол жаңа агрегаторлардың келуі бәсекелестікке серпін беретінін айтты. Ал ол өз кезегінде бағаның төмендеуіне ықпал етеді.


