Алматы тауларында 73 жастағы Оңтүстік Корея азаматы Чо Кукхиді іздеу жұмыстары бір аптадан бері жалғасып жатыр. Ол жаяу серуенге шығып, байланысқа шықпай қалған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шетелдік азамат тауға достарымен бірге барған. Белгілі бір сәтте ол топтан оқшауланып, кейін қоңырауларға жауап бермей қойған. Құтқарушылар Кіші Алматы айналма жолы мен Талғар асуын тексеріп шықты — ол соңғы рет сонда көрінген. Достарының айтуынша, Чо Кукхи сол жерден шыңға жалғыз көтерілмек болған. Бір тәулік өткен соң туристің жоғалғаны туралы Оңтүстік Корея елшілігіне хабарланған.
Іздеу операциясына сегіз техника, жеті дрон, тікұшақ және қызметтік иттер жұмылдырылды.
Оқиғаға байланысты құтқарушылар туристерді тауға жалғыз шықпауға және маршруттары туралы таныстарына міндетті түрде айтуға шақырды.
«Ең басты ереже — қай жерде болсаңыз да, түскі сағат бірге дейін кері бұрылып, қайту керек. Тауда тез қараңғы түседі. Сәйкесінше, сіз жарық уақыттағыдай таулы жерде бағдар ұстай алмайсыз. Екіншіден, қара емес, ашық түсті киім киіңіз. Себебі іздеу жұмыстары кезінде қара киімді адамды, әсіресе түнде табу мүмкін емес», — деді «Ерікті құтқару қызметінің» жетекшісі Қарлығаш Нүсірбекова.
Бұған дейін 28 қыркүйекте 73 жастағы шетелдік азамат топ құрамында «Шымбұлақ» аспалы жолымен көтеріліп, содан кейін өз бетінше жолын жалғастырып, жоғалып кеткені хабарланған. Іздеу жұмыстары ұйымдастырылды. Күні бұрын ТЖМ Қазақстан Республикасы азаматын іздеу аясында құтқарушылар Алматы маңындағы таулы жерді тексеруді жалғастырып жатқанын мәлімдеген.


