Алматы тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде batuhtina деген никпен жол жөндеу жұмыстарына шағымданды. Осының салдарынан мектептегі сабақ кестесін өзгертуге тура келген. Ал қала әкімдігі жұмыстардың аяқталу мерзімін жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жазба авторының айтуынша, Бостандық ауданындағы Нұр Алатау, Нұрлытау, Ерменсай және Бағанашыр шағын аудандарының тұрғындары оқу жылының басында қиындыққа тап болған.
«31 тамызда, оқу жылы басталар алдында мектеп маңындағы жол төсемі алынып тасталды. Екі аптадан астам уақыт өтті, бірақ жұмыс бітпей жатыр. Қазір аудан іс жүзінде қамауда: жолдар тар, кіреберістер мен шығаберістер үлкен кептелісте тұр. Осыған байланысты мектепте сабақтың басталу уақыты өзгертіліп, сабақтар 30 минутқа қысқартылды. Яғни уақытында ұйымдастырылмаған жол жұмыстары біздің балаларымыздың оқу процесіне тікелей әсер етіп отыр», — деп сипаттады жағдайды әйел.
Алматылық әйел сондай-ақ бір мектептің маңында жедел жәрдем көлігі баланы қағып кеткенін хабарлады. Зардап шеккен адамға жіберілген тағы бір жедел жәрдем көлігі жолдағы жағдайға байланысты уақытында жете алмаған.
«Төтенше жағдайда көмек тұрғындарға жете алмай қалуы мүмкін деп қорқамыз. Алматы әкімдігіне жүгінеміз: қауіпсіз жүріп-тұруды шұғыл қамтамасыз етіңіздер, жөндеуді аяқтаңыздар, мектептер маңында қозғалысты ұйымдастырыңыздар және жұмыстардың нақты аяқталу мерзімін атаңыздар», — деп қорытындылады жазба авторы.
NUR.KZ тілшісі түсініктеме алу үшін Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне жүгінді. Онда қаланың жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының ақпаратын берді. Хабарланғандай, Жәңгір хан көшесінде №25 үйден №54 үйге дейінгі аралықта жол төсеміне орташа жөндеу жүргізілуде. Рас, жұмыстар 13 қыркүйектен басталғаны көрсетілген.
«Бүгінгі таңда қолданыстағы жол төсемін фрезерлеу орындалды, сондай-ақ ұсақ түйіршікті асфальтбетоннан төсем төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы аптада жаңа асфальтбетон төсемін орнату жұмыстарын орындау жоспарлануда», — деп атап өтті басқармада.
Сондай-ақ бүгінде қалада магистральдық көшелерді жөндеу аяқталғаны хабарланады. Ал аудандық маңызы бар көшелерді 31 қазанға дейін аяқтау жоспарлануда. Әзірге аудандарда жұмыстар 70%-ға аяқталған.


