- 28 қар. 2019 00:00
- 229
Ақ тілек
Қазыбектің он бір, он екі жастардағы кезі болса керек. Жас та болса оның жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен сол кездегі ел жақсылары үміткер бола бастапты. Сондықтан олар сапарға керуен шықса, «ел көріп есейіп, жер көріп көзі қанықсын» деген есеппен Қазыбекті сапарға бірге алып жүруге бәтуа байласыпты.
Күндерде Қазыбек сондай бір сапарға шығады. Ауылдан 3-4 қонаға ұзап шыққанда керуен соңындағы түйеге артылған қазан ошақтың арқаны үзіліп, қазан тақыр жерге ұшып түседі де, қақ айырылады. Сөйтіп, қос қазансыз қалады. Елсіз-күнсіз дегендей, сары дала. Тағы да екі-үші күн өтіп кетеді. Жолаушылар ыстық іше алмай әбден абыржиды.
Сөйтіп келе жатып тағы да бір жерге қонақтайды. Ертеңіне таң еркін атқан мезгілде көшбасшы қария қосынды оятып:
— Ал, балалар, анау тұрған белдің арғы астында бір ақ боз үй көрдім. Сонан барып қазан сұрап алмасақ, жағдайымыз мұнан да қиындағалы тұр. Кәне, соған кім барып келе қояды? — дейді.
— Жапандағы жалғыз үй көлденеңді көк аттыға қазан беруші ме еді? — деп жігіттер қария сөзін ұнатпай, теріс айнала береді. Сол кезде ағаларының сыңайын таныған Қазыбек қарияға келіп:
— Ата, рұқсат етсеңіз, қазан әкелуге мен барайын, — дейді.
— Өркеннің өссін! рұқсат, балам, жолың болсын, — дейді қария, — бар!
Сөйтіп, «қазанды Қазыбек сұрайды, сендер көтеріп әкеліңдер» деп Қазыбектің қасына екі жігіт қосып, оларды қария әлгі үйге жібереді:
— Ассалаумағалайкүм! — деп Қазыбек үйге кіріп келгенде, күміс сақалы кеудесін жапқан бір қария жайнамаз үстінде тұр екен. Ол намазын аяқтай бере:
— Әликүмм ассалам, ау, жолың болсын, балам, — деп Қазыбекке қарайды. Сол сәтте Қазыбек:
— Намазымыз бар да, азанымыз жоқ,
Ошағымыз бар да, қазанымыз жоқ.
Ақмешіт артымызда қалды,
Түркістан алдымызда.
Сатып ала қояйық десек,
Базарымыз жоқ, —
дейді даусы шырылдап. Ақ сақалды қария бала сөзіне кеңк-кеңк күліп алып:
— Уа, балам, себепсіз пенде көрмек жоқ,
Қазаннан басқа ермек жоқ.
Жалғызды Құдай алады,
Ал, одан басқаға бермек жоқ, —
дейді. Қария сөзін аяқтар-аяқтамастан Қазыбек тағы да:
— Иә, ата!
Қазаныңды берерсің, барлық қылсаң,
Бермей алып қаларсың, тарлық қылсаң.
Өз жұртыңның отырсың ортасында,
Олар әкеп бермей ме жарлық қылсаң, — дейді.
— Жақсы, жақсы, балам, қазан — сенікі. Әй, — дейді қария оң жақта ұйықтап жатқан баласын оятып, — мына балаға ана қазанды шығарып бер!
Қазыбек алғысын айтып, сыртқа шыға жөнеледі. Сол кезде қария баласы арқылы Қазыбекті қайта шақырып, аты-жөнін сұрады.
— Атым — Қазыбек, — дейді бұл.
— Дұрыс, дұрыс. Даусың қаздың дауысындай қоңырлап тұр екен. Түбінде қаз дауысты Қазыбек шешен сен боларсың, — деп бата берген екен. Осы бата болашақ шешеннің тұсаукесері болса керек.