- 22 қар. 2019 00:00
- 225
Ақсақ қаз (І нұсқа)
Көктем туа жер ананың тас емшегі жібіп, төс емшегі иіген кезде жыл құсының шұбап келіп, дала төсін думанға бөлейтін әдеті. Салқын сабат көлге, жасыл жайлау белге ынтыға жеткен мың сан құс кешікпей-ақ ұя салып, жұмыртқа төгеді. Ұрпағын өргізіп, табиғаттың аялы алақанында мәре-сәре күй кешеді.
Осы әдетпен, жыл сайын қалың шеру құс керуеніне ілесіп келіп-кетіп жүретін қос қоңыр қаз болады екен. Әрине, оның бірі — ата қаз, екіншісі — ене қаз. Келер жолына көзі қанық қос қаздың аңсап келіп қанат бүгетін айна көлі болса керек. Сол көлдің көк майса құрағын орып жеп, салқын шымына бауырын төсеп, ерке самалына қанатын керіп рақаттанады. Әсіресе, ақ үрпек балапандары апыл-тапыл аяқ басып, үпір- шүпір үйіріліп, құлдыраңдап соңдарынан ергенде қос қаздың көкірегін шаттық кернеп, қоңыр үнін қосарлай созып өмір әніне салады екен. Мұндайда қос қаздың саңқ-саңқ еткен әсем үні сай-саланы қыдыра жаңғыртып, дүние дидарына құлақ түргізгендей ерекше естіледі. Жел тынып, көл беті айнадай жалтырап, гүлқұлақтар сыбдырын қойып — қос қаздың әсем үніне маужырап мүлгігендей қалып танытады.
Күндердің бір күнінде қос қоңыр қаздың шаттық күйі, өмір әні дала кезген сұр мергеннің құлағына шалынады. Тіс қаққан сұрмерген сайды сағалап, көлді жағалап, қамысты паналап келеді де, қаннен қаперсіз жүрген қос қазға садақ тартады. Қапысыз тартылған садақтан жұлқына шыққан жебе жолындағы гүлқұлақтың басын шала заулап келіп, ене қаздың қақ жілігін шорт үзеді. Шошына шыққан ащы үні маужыр көлді селк еткізгендей, қанат біткен дүрлігіп көкке көтеріледі. Ақ қанат балапандар үрпиісіп, жаралы анасының бауырына тығылады. Сонда жаралы қаз ақ үрпек балапандарын құтқару үшін қанатымен жер сабап, жалғыз аяғын жанталаса серпіп, бауырлай жылжып келеді де суға ілігеді. Сол бетінде қанын шұбыртып көл ортасындағы аралға балапандарын бастап жөнеледі. Мысы құрып, санын соққан сұр мерген жағалауда қалады.
Жалғыз аяқ-жарым жан болып қалған қоңыр қаздың ендігі өмірі қасіретке толады. Бұрынғыдай балапандарын өргізіп, отын қандырып мамырлап қайтар күн жоқ. Жаз жайлаудың ең бір қызықты күндерін сұлық жатумен өткізеді. Аштан өліп бара жатқан соң, мойыны жетер шөбін орған болады. Суға түсіп сыланбаған соң, желге желпініп таранбаған соң бой жүні қобырап, қауырсыны ыдырай бастайды.
Ол да ештеңе емес екен. Күн өткен сайын балапандары қара қанат болып, сирақтары серейіп, мойындары сорайып ата қазбен бірге ұзап жайылатынды шығарады. Қоңыр қаз төсімен жер сүзе жылжып, балапандарына ілеспек болады. Бірақ дәрмен жоқ. Мұндайда көкірегі шерге толып, көлдің аясын күңіренте зар төгеді. Ене қаздың сұңқылдаған қайғылы үні төңірегін мұңға бөлеп, көл беті уайымнан қабаршып жатқандай болады.
Осымен күндер заулап өтіп жатады. Көлдің суы салқындап, қоңыр күз түседі. Құстар сап түзеп, топтаса ұшып, жылы жаққа қайтуға қамданады. Бұл кезде ене қаздың балапандары да ұлы дүрмекке ілесіп, анасына қош-қош айтқандай айнала ұшады. Сонда, қанатымен жер сабап, ақсаңдай ұмтылған ене қаз бауырын көтере алмай, үйірінен айырылып қала береді. Жай қалмайды, өксігін баса алмай сұңқылдап, қасірет шерін төгеді.
Ақсақ қаздың осы халі күйге айналған.