Ақтөбе облысында тағы бір ауқымды нысан — әмбебап спорт кешенінің құрылысы басталды. Ол қаланың жаңадан қалыптасып келе жатқан әлеуметтік-іскерлік орталығы «Алтын Орда» аумағында бой көтермек, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа арена ірі жарыстар, жаттығулар мен бұқаралық іс-шаралар өткізілетін алаңға айналады. Нысандағы дайындық жұмыстарының барысымен облыс әкімі Асхат Шахаров танысты.
Жоба заманауи спорт кеңістігін құруды көздейді. Мұнда кәсіби спортшылар да, белсенді өмір салтын ұстанатын әуесқойлар да жаттыға алады. Кешен құрамына 5 мың көрерменге арналған орталық спорт аренасы, 50 метрлік жүзу бассейні, спорттық және көркем гимнастика, баскетбол мен волейбол залдары кіреді. Сондай-ақ тренажер залы мен йога, пилатес жасауға арналған бөлмелер қарастырылған.
Ғимараттың жалпы ауданы 31 мың м²-ден асады. Кешен 6,1 гектар аумақта орналасады. Мұнда әртүрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге, сондай-ақ бірнеше спорт түрінен тұрақты жаттығулар жасауға жағдай жасалады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде спорт инфрақұрылымын дамыту, дене шынықтыру мен спортпен айналысуға жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде. Мұндай нысандардың құрылысы көбірек адамды белсенді өмір салтына тартуға, кәсіби спортшыларды қолдауға және әртүрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Кешеннің сапалы әрі белгіленген мерзімде салынуы маңызды», — деді Асхат Шахаров.
Алаңда аумақты қоршау, құнарлы топырақ қабатын алу және қазаншұңқыр қазу жұмыстары аяқталды. Қазір мамандар геодезиялық жұмыстар жүргізіп, іргетас плитасын орнатуға арналған арматура дайындауда.


