Жамбыл облысында алкогольдік масаң күйде көлік тізгінін қайта ұстаған жүргізуші нақты 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында көрсетілгендей, Тұрар Рысқұлов ауданының соты жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол көлік жүргізу құқығынан айырылған бола тұра, алкогольдік масаң күйде көлік басқарған (Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігі).
Сот анықтағандай, 2026 жылдың мамырында ер адам масаң күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Алайда маусым айында сотталушы ішімдік ішіп, қайтадан көлікке отырған.
Ол Луговое ауылынан шыға берісте полиция қызметкерлеріне тоқтатылған. Аудандық ауруханада медициналық куәландыру кезінде алкогольдік масаңдық анықталмаған. Алайда орталық аудандық ауруханада қайта куәландыру барысында алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі белгіленген.
Ер адамның кінәсі полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінің айғақтарымен, куәландыру нәтижелерімен және бейнежазбалармен дәлелденді.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, алдыңғы күні достарымен ішімдік ішкенін, келесі күні екі бөтелке сыра ішіп, көлік тізгініне отырғанын және полиция қызметкерлеріне тоқтатылғанын айтты.
Сот кінәні мойындау мен оң мінездемені жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.


