Қарағанды облысында әйел дүкен жанындағы тұрақта бөтен көлікті қасақана бүлдіргені үшін ірі көлемде айыппұл төлейтін болды — бұл оқиға оған 216 мың теңгеге түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Шахтинск қалалық соты бөтен мүлікті қасақана бүлдіру фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабының 1-бөлігі).
Сот анықтағандай, 2026 жылдың тамызында әйел Шахтинскідегі дүкен жанындағы тұрақта жәбірленушіге тиесілі Honda CR-V көлігінің багажник қақпағының сол жақ бөлігін аяғымен тепкен, салдарынан оған материалдық залал келтірілген.
Құқық бұзушының кінәсі оның өз кінәсін мойындаған жауабымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленушінің арызымен, сондай-ақ істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Әкімшілік жаза қолдану кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипатын және кінәлінің жеке басын ескерді. Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде кінәлінің өкінуі танылды. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті ауырлататын мән-жайларды сот таппады.
Сот қаулысымен әйел әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 216 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.


