Жапонияда өтіп жатқан ХХ Азиада-2026 ойындарында қазақстандық триатлоншы Арлан Жанабай қола жүлдеге қол жеткізіп, ұлттық құрамаға турнирдің алғашқы медалін сыйлады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Триатлон жарысы үш кезеңнен тұрды: 750 метр жүзу, 20 шақырым веложарыс және 5 шақырым жүгіру. Жанабай бұл қашықтықты жалпы 53 минут 11 секундта бағындырып, үшінші орынға тұрақтады.

Жеңісті жапондық Такуми Ходзо 52 минут 56 секунд нәтижесімен жеңіп алды. Күмісті қытайлық Сижуй Чжан 53 минут 5 секунд уақытпен иеленді. Қазақстанның тағы бір өкілі Аян Бейсенбаев 54 минут 56 секундпен тоғызыншы болып мәреге жетті.

Жанабайдың медалі ұлттық құрама үшін Азиада-2026-дағы тұңғыш жүлде болды. Спортшының өзі осындай деңгейдегі жарыста алғаш рет сынға түсті.

«Қуанышым шексіз. Қашықтықтың басында жоғарырақ орынға таласуға жоспарлаған едім, бірақ сәл жетпеді. Соңында көрші Өзбекстан спортшысымен үшінші орын үшін күресуге тура келді. Бар күшімді салдым. Өте ауыр болды. Мәреге жақындағанда көз алдым қараңғыланып кетті, бірақ соңында жүлдегер атандым. Велоэтаптан кейін топты қуып жетуге тура келді. Оны орындаған соң жүлде үшін күресе алатынымды түсіндім. Трасса онша қолайлы болмады. Бұрылыстар мен айналмалар көп еді. Велоэтаптан кейін жүгіру алдында аяқтарым шаршап қалды. Бірақ біз жақсы дайындалдық, форма тамаша, сондықтан нәтижеге ризамын. Әрине, жеңгім келді, бірақ үшінші орынға да қуаныштымын. Ең қиыны жүгіру кезеңі, әсіресе соңғы 500 метр болды. Қалғаны жақсы өтті», — деп келтіреді 20 жастағы Жанабайдың сөзін Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитеті.

Жарыстың алғашқы медаль күнінде Қазақстан құрамасы дебюттік алтынмен де ерекшеленді. Азиада-2026 чемпионы атанған велошабандоз Рината Султанова.