Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында алғашқы медальдар сарапқа салынды. Қазақстан қоржынына тұңғыш жүлдені триатлоншы Арлан Жанабай салды — ол қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Отандасымыз қашықтықты 53 минут 11 секундта бағындырды: 750 метр жүзу, 20 шақырым велосипед тебу және 5 шақырым жүгіру. Жапониялық чемпион Такуми Ходжо 52.56 нәтижесімен мәреге бірінші жетті, Жанабай одан небәрі 15 секундқа қалып қойды. Күміс Қытай спортшысы Чжан Сюжүйге бұйырды — оның уақыты 53.05.
Жанабайдың Қазақстан құрамасындағы әріптесі Аян Бейсенбаев 54.56 нәтижесімен тоғызыншы орынды иеленді. Триатлон қашықтығына 33 спортшы шығып, мәреге 29-ы жетті.
Азиада тарихында Қазақстан триатлоннан алты медаль жеңіп алған. Жалғыз алтынды 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында Дмитрий Гааг иеленген. Бейсенбаев 2018 жылы күміс жүлдегер атанса, Азиада-2022-де үшінші орынға тұрақтады.
Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары кеше, 19 қыркүйекте, ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын бұл додада 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 217-сі ерлер арасында, 204-і әйелдер арасында және 39-ы аралас разрядтарда. Жарыстар 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының намысын 559 спортшы қорғайды.


