4 қарашада елорда әкімдігі ғимаратының жанына қосымша білім беру жекеменшік ұйымдарының, спорт клубтарының, шығармашылық студиялардың және оқу орталықтарының 30-ға жуық өкілі жиналды. Олар балалардың үйірме мен секцияға келуін растау үшін Face ID міндетті түрде енгізілуіне наразылық білдірді. Қалалық әкімдік бет-әлпетті тану жүйесінің мақсаты мен кәмелетке толмағандардың дербес деректерін қорғау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, қосымша білім беру жекеменшік ұйымдары өкілдерінің өтініші QOSYMSHA.KZ бағдарламасы аясында балаларды Face ID арқылы міндетті сәйкестендіруге байланысты туындаған.
Әкімдік ғимаратының жанына жиналғандар келген соң, білім басқармасы мен балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының өкілдері қызмет көрсетушілермен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге қатысушыларға технологияны енгізудің мақсаты, оны қолданудың құқықтық негіздері және қатысуды есепке алу тәртібі түсіндірілді.
Сонымен қатар әкімдіктің атап өтуінше, әкім орынбасарына алдын ала жазылу да, онымен кездесу туралы уағдаластық та болмаған. Әңгімелесуге қарамастан, жиналғандардың бір бөлігі наразылығын жалғастырды. Қоғамдық тәртіп бұзылғандықтан, полиция қызметкерлері қатысушыларды мән-жайды анықтау үшін Сарыарқа ауданының полиция басқармасына жеткізді. Кейбір азаматтарға ресми ескерту жасалды.
Әкімдік бет-әлпетті тану жүйесі балалардың сабаққа нақты қатысуын бақылауға, бюджет қаражатының жұмсалуын ашық етуге, қатысуды жалған есепке алудың және іс жүзінде көрсетілмеген қызметтерге ақы төлеудің алдын алуға қажет екенін түсіндірді.
Еске салайық, 2025 жылдан бастап Астанада балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жоба іске асырылуда. Ол білім беру, шығармашылық және спорттық қызметтерді дербестендірілген қаржыландыруды көздейді.
Жоба аясында қатысуды растау үшін электрондық тетіктер, оның ішінде QR-кодтар мен биометриялық сәйкестендіру қарастырылған. Оларды қолдану 2025 жылғы 28-30 мамырдағы уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрықтарымен бекітілген пилоттық жобаны жүргізу алгоритмінде, сондай-ақ Қосылу шартының 9-тармағында бекітілген.
Қазір Face ID Астанадағы қосымша білім беретін екі жекеменшік ұйымда пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жабдық оны сатып алуға бюджет қаражатын тартпай, тегін берілді. Әкімдіктің дерегінше, пилоттық енгізу кезінде ата-аналар мен балалардан шағым түспеген.
Ведомство кәмелетке толмағандардың дербес және биометриялық деректерін жинау мен өңдеу ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылатынын бөлек атап өтті. Балалардың қатысуын бақылаудың осыған ұқсас тетіктері еліміздің тағы бірнеше өңірінде — Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында қолданылуда.


