Stadler вагондарымен жаңа жолаушылар пойыздарына билеттер 5 қарашада сатыла бастайды, ал алғашқы құрамдар Астанадан Алматыға 11 қарашада, Семейге 13 қарашада жөнелтіледі. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Астана – Алматы бағытында №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы, ал астана мен Семей арасында №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызы қатынайды.
Компанияның түсіндіруінше, жаңа вагондар Stadler Kazakhstan зауытында елдің климаттық ерекшеліктері мен жолаушылар тасымалына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып шығарылады. Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған.
Вагондарда климат-бақылау жүйелері, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалары, USB және USB-C порттары, сондай-ақ бейнебақылау жүйелері бар. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін арнайы жағдайлар қарастырылған. Құрамдарда ыстық тағамдар, сусындар және жеңіл тағамдар сатып алуға болатын буфет вагондары жұмыс істейді, делінген хабарламада.
№3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы күн сайын қатынайды. Астанадан 13:10-да жөнелтіліп, Алматыға келесі күні 08:30-да жетеді. Алматыдан 12:12-де жөнелтіліп, Астанаға келесі күні 07:03-те жетеді.
№153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызы тақ күндері жөнелтіледі. Астанадан 16:40-та шығып, Семейге келесі күні 06:10-да жетеді. Семейден 15:00-де жөнелтіліп, Астанаға келесі күні 05:05-те жетеді.


