Астанада жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бухгалтері 109 млн теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталып, сот үкімі шықты. Әйел кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған, алайда сот оны кінәлі деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қылмыстық істің мән-жайын Астана соттарының Telegram-арнасы астаналық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотқа сілтеме жасап жариялады. Іс материалдарына сәйкес, 2019 жылдан 2023 жылға дейін айыпталушы «А» ЖШС мен «Г» ЖШС-нің бухгалтері, кейін бас бухгалтері болып жұмыс істеген. Оның қарамағында банк кілттері болып, аталған фирмалардың банк шоттарын басқаруға тұрақты қолжетімділігі болған, яғни ол қаржы операцияларын бастап, растай алған.

«Қызметтік жағдайын және ақша қаражатына берілген қолжетімділікті пайдаланып, В. пайдакүнемдік ниетпен аталған ЖШС шоттарынан өзінің жеке банк шоттарына, сондай-ақ өзіне бағынышты жеке кәсіпкерлердің шоттарына тиісті шарттық және өзге де құқықтық негіздерсіз, бухгалтерлік есепте дұрыс көрсетілмей жүйелі түрде негізсіз ақша аударымдарын жасаған. Осылайша, В. «А» ЖШС мен «Г» ЖШС-не ерекше ірі мөлшерде — 109 млн теңгеден астам сомада материалдық залал келтірген», — деп нақтылады сотта.

Айта кету керек, жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал өтелмеген. Сотталушы кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған.

Сот әйелдің екі кәмелетке толмаған баласының болуын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Жасалған қылмыстың мән-жайы мен ауырлығын, ерекше ірі залалдың өтелмеуін, жеңілдететін мән-жайдың болуын ескеріп, сот сотталушыға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, ол коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды 10 жылға дейін атқару құқығынан айырылды. Сотталушының асырауында 2013 және 2014 жылы туған кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, сот ҚК-нің 74-бабының негізінде жазаны орындауды 1 жылға кейінге қалдырды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды», — деп қосты сотта.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.