Қарағанды облысында Балқашта екі кәмелетке толмаған қызды жыныстық зорлау туралы қылмыстық іс тергеліп жатыр, алты күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігі Қарағанды облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлағандай, Qumash Telegram-арнасында Балқаш тұрғынының өтініші жарияланған. Ер адам 13 және 15 жастағы екі жиені биыл жазда жыныстық зорлыққа ұшырағанын мәлімдеген.
«Белгісіз адамдар оларды зорлап, ұрып-соғып, терісін темекімен күйдіріп, түрліше қорлық көрсеткен. Сонымен қатар ол айтқандай, қыздарға есін бұзатын дәрі қосылған алкоголь ішкізіп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Оқушы қыздарды көлікке отырғызып, жалдамалы пәтерлерге апарған. Туыстарына бәрін айтпақ болғандары үшін оларға интимдік фото мен видеоны таратамыз деп қорқытқан», — делінген жарияланымда қыздардың нағашысының сөздеріне сілтеме жасап.
Жазбада іске 20 жігіттің қатысы бар деп көрсетілген, олардың алтауы ұсталған.
NUR.KZ тілшісі Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен түсініктеме сұрады. Онда 16 қарашада Балқаштың 55 жастағы тұрғынынан қыздарына қатысты құқыққа қарсы әрекеттер туралы өтініш түскені айтылды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Жедел-іздестіру шараларының кешені нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, ұстады. Құқыққа қарсы әрекеттердің әр уақытта және әр жерде жасалғаны анықталды. Барлық ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп мәлімдеді полицияда.
Облыстық полиция департаментінде тергеуге облыстың тәжірибелі полицейлері тартылғанын, ал сотқа дейінгі тергеудің барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін уәде етті.


