Елордада экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстары жалғасуда: Байқоңыр ауданындағы «Оңдіріс» тұрғын алабы толық газдандырылады. Бұл шамамен 40 мың адам тұратын жеке секторда көмір қолданудан бас тартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz.
Мәслихат комиссиясының отырысында Астана қаласы Энергетика басқармасының басшысы Әділ Қанатов мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы айтты. Ол алаптың тығыз жеке құрылысы қыс мезгілінде елорда экожүйесіне кері әсерін тигізетінін атап өтті. «„Оңдіріс“ тұрғын алабының жеке секторында қыс мезгілінде жылыту негізінен көмірмен жүзеге асырылады, бұл қоршаған ортаға теріс әсер етіп, Байқоңыр ауданында және тұтастай қалада атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының артуына ықпал етеді. Сонымен қатар, қолданыстағы орталық жылумен жабдықтау жүйесі ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 көздерінде қажетті бос қуаттарға ие емес», — деді Әділ Қанатов.
Халықты қолданыстағы радиалды жылу желілеріне қажетті көлемде қосу мүмкін емес. Осыны ескере отырып, тұрғын алабын кешенді газдандыру жалғыз оңтайлы шешім болып табылады.
Жоба аясында 2 120 әлеуетті абонентті қосу мүмкіндігі бар газ тарату инфрақұрылымын құру жоспарлануда. Жобада жалпы ұзындығы шамамен 185 шақырым, өткізу қабілеті сағатына 20 мың текше метрге дейін газ тарату желілерін салу көзделген. Инфрақұрылым алаптың шамамен 85 көшесін қамтиды.
Жобаны «кілтін тапсыру» қағидаты бойынша жүзеге асыру ұсынылады, яғни бірыңғай мердігер жобалау мен жабдық сатып алудан бастап құрылыс пен пайдалануға беруге дейінгі барлық жұмыс кешенін орындайды. «Аталған үлгі бойынша жобаны іске асыру жұмыстың барлық кезеңдерін бірыңғай басқаруды қамтамасыз етуге, құрылыс мерзімдерін қысқартуға, жоба құнының өсу тәуекелдерін барынша азайтуға және көзделген жобалық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жауапкершілікті бекітуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Депутаттармен талқылау барысында жұмыстар толығымен бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатыны расталды, сондықтан тұрғындар үшін газ тарифі көтерілмейді. Жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінген. Биылғы жылы екінші, үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы іске қосу кешендерін аяқтау жоспарланса, қалғандары келесі жылға ауыстырылады. «Оңдіріс» алабын газдандыруды аяқтау елордаға жоспарланған тұрғын алаптарды газдандырудың жүз пайыздық көрсеткішіне шығуға мүмкіндік береді.


