Астана әкімдігі қоғамдық көлікте жүру тарифін 150 теңге етіп бекітуді ұсынып отыр. Оны 1 желтоқсаннан бастап енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әкімдіктің мәліметінше, Астанада қоғамдық көлікте жүру тарифі 90 теңге болып 2014 жылы белгіленген. Содан бергі 12 жылда жүру құны бір-ақ рет қайта қаралып, қазіргі таңда 110 теңгені құрайды.

Айта кету керек, 2014 жылдан бері тасымалдаушылардың негізгі шығындары айтарлықтай өскен: отын, қосалқы бөлшектер мен жаңа автобустардың құны, сондай-ақ жүргізушілердің еңбекақысы. Мәселен, 2014 жылы дизель отынының литрі шамамен 107 теңге болса, қазір ол 329 теңгеге жеткен. Есептеулерге сәйкес, осы кезеңде дизель отынының құны 3 еседен астам өскен.

Сонымен қатар, ведомствоның атап өтуінше, жүргізушілердің еңбекақысы да едәуір өскен. 2014 жылы жүргізушілердің жалақысы орта есеппен 100–150 мың теңге шамасында болса, қазір автобус сыныбы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталады.

Осы кезеңде қосалқы бөлшектер, автомобиль шиналары, аккумулятор батареялары, автобустарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу, сондай-ақ жаңа жылжымалы құрам сатып алу құны айтарлықтай қымбаттаған.

«Пайдалану шығындарының айтарлықтай өсуіне қарамастан, елордада қоғамдық көлікті жүйелі жаңарту және дамыту жалғасуда. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық стандарттарға сай келетін 1127 бірлік жаңа жылжымалы құрам сатып алды. Бұған қоса, Астанада халықты әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы шаралары сақталуда. Астана қаласы мәслихатының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 244/30-VI шешіміне сәйкес, жекелеген санаттағы азаматтарға қалалық жолаушылар көлігінде жүру ақысынан босату түріндегі әлеуметтік көмек көрсетіледі», — делінген хабарламада.

Тегін жүру құқығы мына санаттағы азаматтарға беріледі: Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар; жасы және еңбек өтілі бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толған жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар; көпбалалы аналар; көпбалалы отбасылар; мүгедектер; он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері); Қазақстандағы 1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталғандар.

Бұдан бөлек, 2020 жылдың наурызынан бастап Астанада оқитын 18 жасқа дейінгі балаларға тегін жүру қолданылады.

«Сонымен қатар, автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау тарифтерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүргізілген есептеулер бойынша, 2026 жылы бір жүрістің орташа есептік құны қолданыстағы жүру құнынан айтарлықтай асып түседі. Пайдалану шығындарының өсуіне, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, автобус паркін одан әрі жаңарту және бағыттар желісін дамыту қажеттілігіне байланысты 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол емес төлем кезінде жүру құнын 150 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылады», — деді әкімдікте.