Елордалық «Астана» футбол клубы ойыншылар алдындағы қарызының барын ресми растап, команда маусымды соңына дейін жеткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Клуб қоғамда тараған қаржылық проблемалар туралы ақпаратқа жауап берді. Бұған дейін инсайдер Эльдар Аманбаев кейбір футболшылар үш айлық жалақы қарызы өтелмейінше алаңға шығудан бас тартып жатқанын, жалпы сомасы 700 миллион теңгені құрайтынын хабарлаған еді.
Клубтың Instagram-парақшасында жарияланған ресми мәлімдемеде: «"Астана" ФК негізгі құрамдағы бірқатар футболшылар алдындағы жекелеген келісімшарттық міндеттемелер бойынша берешегінің барын растайды, осыған байланысты ұжымдық өтініш түсті. Клуб басшылығы футболшылардың ұстанымын түсіністікпен қабылдайды. Қалыптасқан қаржылық қиындықтарға қарамастан, футболшылар мен бапкерлік штаб ұзақ уақыт бойы кәсіби міндеттерін толық көлемде орындап, жаттығу процесіне және ресми матчтарға қатысып, алаңда "Астана" ФК мен Қазақстан астанасының абыройын лайықты қорғады», — делінген.
Клуб ойыншылардың жанкүйерлерге, клубқа және оның спорттық мақсаттарына адалдығына күмәнданбайтынын атап өтіп, алып-қашпа әңгімелер мен асығыс қорытындылардан аулақ болуға шақырды. «Клуб команда алдындағы келісімшарттық міндеттемелерін орындау үшін қажетті шараларды қабылдауда. Жағдай қалай дамығанына қарамастан, "Астана" ФК ел чемпионатында өнер көрсетуді жалғастырып, маусымды соңына дейін жеткізеді. Клуб өз жұмысын әдеттегі режимде жалғастырады», — деп атап өтілген хабарламада.
«Астанада» сондай-ақ әрбір футболшы мен қызметкердің, оның ішінде отбасы алдындағы міндеттемелерін түсінетіндерін және қарыз мәселесін шешуді клуб құрылтайшысымен бірге басым міндеттердің бірі деп санайтындарын жеткізді. Команданың Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсетуін тоқтату мәселесі қарастырылған жоқ. «Қажет болған жағдайда негізгі құрамға резервтегі ойыншыларды, жастар командасының мүшелерін немесе өнер көрсетуге құқығы бар басқа да футболшыларды тарту мүмкіндігі қарастырылған. Клуб күнтізбеге сәйкес барлық матчтарға қатысуды қамтамасыз етеді», — деп түйіндеді клуб өкілдері.
ҚПЛ-дің ағымдағы маусымында Қазақстанның жеті дүркін чемпионы 23 матчтан кейін 45 ұпай жинап, үшінші орында тұр. Жоғарыда шымкенттік «Ордабасы» (55 ұпай) және алматылық «Қайрат» (54 ұпай) орналасқан.


