Елордада QAZBOT кешенінің құрылысы басталды. Бұл елдегі гуманоид роботтар өндірісі мен жасанды интеллект саласындағы шешімдерді әзірлеуге арналған алғашқы алаң болады. Жобаның алғашқы кезеңіне салынатын инвестиция шамамен 200 миллион долларды құрайды, деп хабарлайды infohub.kz.
QAZBOT Technologies компаниясының мәліметінше, жаңа Robotics & AI кешені ғылыми зерттеулерді, инженерлік әзірлемелерді, жергілікті өндірісті және робототехникалық технологияларды практикалық енгізуді біріктіреді.
Кешен аумағында меншікті ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарлануда. Мұнда бағдарламалық қамтамасыз ету мен жасанды интеллект модельдерін әзірлеу, робототехникалық жүйелерді тестілеу және бейімдеу, сондай-ақ инженерлік кадрларды даярлау жүргізіледі.
Жобаның стратегиялық технологиялық серіктесі — AGIBOT компаниясы. Құрылыстың басталу салтанатына Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Астана әкімдігінің өкілдері де қатысты.
QAZBOT Technologies бас директоры Владислав Сафаровтың айтуынша, жоба тұжырымдама сатысынан меншікті технологиялық инфрақұрылым құруға көшуде.
«Біздің міндетіміз — Қазақстанда зерттеулерді, инженерлік құзыреттерді, өндірісті және шешімдерді енгізуді біртұтас жүйеге біріктіру. Бұл озық технологияларды бейімдеуге ғана емес, сонымен қатар меншікті әзірлемелерді қалыптастыруға және мамандар даярлауға мүмкіндік береді», — деді Сафаров.
QAZBOT-тың негізгі бағыттарының бірі — робототехника мен жасанды интеллектке негізделген шешімдерді экономикаға тікелей енгізу.
Қолданудың әлеуетті бағыттары ретінде өнеркәсіп, логистика, қаржы секторы, медицина, білім беру, әлеуметтік сала және қызмет көрсету аталады.
Жоба тек роботтарды құрастыруды ғана емес. Бір алаңда зерттеулер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуден бастап өндіріске, тестілеуге және шешімдерді кейіннен енгізуге дейінгі толық технологиялық циклды қалыптастыру жоспарлануда.


